Оның дерегіне сүйенсек, халықтың ауыздан-ауызға тарап жеткен деректері бойынша, Көкшетаудың маңында, Абылай ханның есімімен байланыстырылған екі алаң орналасқан: Үлкен және Кіші алаңы. Осы орайда, «Ханның Қызыл ағашы» деген жерде Абылай ханның басты алаңы орналасты деген негіз бар. Бұл жерге жиырма жыл бұрын Бурабайдағы Абылай хан атындағы музейдің негізін қалаушы, Көкшетау өлкетанушысы Әмина Тұрсынбаеваның ұсынысымен мәрмәр тас орнатылып, ақын Мағжан Жұмабаевтың өлең шумақтары жазылған: «Ертеде жел өтпейтін Қызыл Ағаш, Дариға, бұл күндерде жап-жалаңаш. Қабірінен әулиенің Алашқа артық, Ертеде Абылайға Орда болған ағаш».

Дәл осы алаңда Абылай хан қазақ хандығы бостандығын, тұтас мемлекетті сақтап қалу үшін барлық шешімдерді қабылдады.

Аңызға сүйенсек, осы алаңда қабылданған ең маңызды шешімдердің бірі - Абылай ханның Орта жүздің ханы Әбілмамбетпен және 120 старшинамен Рессей азаматтығын қабылдауға келісімі туралы Орынбор қаласына бару шешімі.

Көркем Көкшетаудың төңірегіндегі осы алаңда Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Тарақтыдан Байғазы, Шапырашты Наурызбай, Малайсары, Баян және басқа да батырларына арқа сүйей отырып, жоңғардың әскери күшін әлсіретіп, шапқыншылығына тойтарыс беру туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, «Ханның Қызыл ағашы» деп аталатын бұл алаңда Абылай хан құрылтай, әскери жиналыстар, тағы да басқа ауқымды іс-шаралар өткізіп тұрған. Көкшетау тауының шығыс бөлігіндегі алаң «Абылай хан алаңы» деп аталды. «Бұл жердің табиғаты соншалықты көркем, сұлулығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Келбетті Көкшетау тауларын Абылай хан қорған тұтқандай көрінеді.

«Ханның қызыл ағашы» деген топониммен бірге «Ханның қызыл үйі» деген түсінік қалыптасқан, бұл орыннан солтүстік-батыс бағытта орналасқан Абылай ханның Ордасын жұрт солай атаса керек.