«Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені 50 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді. «Оқжетпес» ЕСК-нің басты артықшылығы – оның Қазақстанның інжу-маржаны Бурабайдың жүрегінде, Щучье-Бурабай курорттық аймағының ең әдемі көлінің жағасында орналасуы. Маңайында ерекше көрікті табиғи жерлер, Бурабайдың айнасы – ертегі жартас Оқжетпес пен Жұмбақтас орналасқан. Қарағай орманының арасында небәрі үш минуттық жерде аңызға айналған Абылайхан алаңы орналасқан.

«Оқжетпес» ЕСК-нің негізгі міндеттері біздің берекелі өлкемізге, тарихи табиғи жерімізге келгісі келетін Республиканың барлық азаматтары мен қонақтарын медициналық және емдеу-сауықтырумен қамтамасыз ету және қызмет көрсету.

Емдеу-сауықтыру кешенінің тарихы.

Өз тарихын «Оқжетпес» ЕСК 1964 жылы бір үш қабатты корпустан бастады.

1964 жылы Тың Өлкелік исполком қыметкерлеріне арналған Бурабай орман шаруашылығы аумағында жобалау, содан кейін Бурабай көлінің жағасында курорттық аймақтың көрікті аймағының бірінде демалыс үйінің құрылысы (пансионат) басталды. Соңынан 1966 жылы оның базасында ұйымдастырылған «Ашық алаң» климаттық шипажайының іргетасы дәл осы құрылыс болды. Ол кезде бұл атау болмаған еді. 1965 жылғы мамырда Щучинск аудандық компартия мен Тың өлкесінің Өлке исполкомы және Щучинск аудандық партия комитетінің шешімімен шипажайдың директоры болып Степан Степанович Усатов тағайындалды. Шипажайдың ғимараты типсіз және сол уақытта ірі панельді құрылымнан жасалған үш қабатты қорапша болды. Барлық емдеу кабинеттері, сумен емдеу орны, асхана ғимараттың бірінші қабатында орналасты. Бұл ғимарат Мәскеудің Тың өлкесіне берген сыйлығы еді. Ашылуына мәскеулік өкілдер, өлкенің, обкомның, аудандық компартияның бірінші басшылары, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің өкілдері келді. Сол күні ресми емес кешкі аста демалыс үйінің атауы жөнінде мәселе талқыланды, «Ботагөз», «Сфинкс», «Оқ жетпес» атаулары ұсынылды, бірақ таңдау құқығы тағайындалған директорға берілді. Степан Степанович шипажайды «Ашық алаң» деп атауды шешті, өйткені ғимарат шағын, бірақ жақсы жарықтандырылған алаңда орналасқан және бұл жер XIX ғасырдан бері осылай аталатын еді.

Бір айдың ішінде 47 адамнан тұратын ұжым құрылды, оның ішінде үш дәрігер және жеті мейірбике болды. Кейіннен шипажайға арналған меджабдықтар, жиһаздар, картиналар, тағам блогына ыдыстар, 7 жаңа автокөлік және т.б. сатып алынды. Ғимарат 100 кереует-орынға мөлшерленді, бірақ кейбір кабинеттер әкімшілік жұмыскерлеріне және емдеу орнына арналды, 8 «люкс» класты нөмір, қалғанының барлығы – 2 орындық қолайсыздау нөмірлер болды, қабылдау және орналастыру 80 демалушы есебінен жүргізілді.

Кейіннен, 1974 жылы, шипажайдың оқшаулығын ескере отырып, оның аумағында персоналдарға арналған 32 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді, 1975 жылы Бурабай кентінде қызметкерлерге арналған 60 пәтерлі алғашқы тұрғын үй салынды. Жолдамалар мен жіберулер өлке-исполкомымен берілді, өйткені соның қарауында болған еді. Негізінен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Министрлер Кеңесінің қызметкерлері, обком хатшылары, облисполком төрағалары демалды. 1968 жылы 140 орындық клуб-асхана ғимараты, ал одан кейінгі жылдары – гараж және қазандық тұрғызылды. 1972 жылы барлық қызмет және емдеу-диагностикалық кабинеттері орналасқан бөлек емдеу ғимараты пайдалануға берілді. Шипажай климаттық бальнеологиялық болып қайта бейінделді және жыл бойына 120 демалушыны қабылдай алатын болды. Емдік мақсатқа жергілікті табиғи факторлар – Май-балық көлінің суы және Балпаш сор көлінің балшығы қолданылды. Бурабай көлінің емдік қасиеті зертханалық тексеруге дейін көп уақыт бұрын белгілі болды.

1980 жылдың басында жаңа жеті қабатты жайлы бөлмелерімен жатын ғимаратының құрылысы басталды. 1982 жылы жатын ғимараты пайдалануға берілгеннен кейін, санаторийге «Оқжетпес» атауы берілді.

2001 жылғы шілдеден бастап 2003 жылғы наурыз аралығында ЕСК-де қайта құру және барлық ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізілді.

2011 жылы санаторий меншікті бұлақтың радонды суын пайдалану арқылы жаңа медициналық қызмет көрсету – радонды терапияны енгізді.

Қазіргі уақытта «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені жыл бойы қызмет көрсетеді және демалушыларға арналған 173 нөмірлік қоры бар, жыл бойына қызмет көрсететін емдеу орны болып табылады.

«Оқжетпес» ЕСК жыл бойы қызмет көрсететін климаттық бальнеологиялық кешен болып табылады. Қазіргі заманғы емдеу-диагностикалық базамен толықтырылған табиғи бірегей факторлар: қарағай орманының экологиялық таза ауасы, Балпаш сор көлінің емдік балшығы және «Май Балық көлінің минералды суы, радонды терапия, қымызбен емдеу, «Құлагер – Арасан» минералды суы жүрек-тамыр жүйесі, тыныс алу мүшелері, тірек-қимыл аппараты, асқорыту, қан айналымы, эндокринді және жүйке жүйесі ауруларын, урологиялық және гинекологиялық ауруларды емдеуге және оңалтуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күнге дейін көптеген жұмыстар атқарылды. Жаңа емдеу ғимараттары, қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер салынды, кешен қазір ең жаңа үлгідегі және тиімді медициналық жабдықтармен қамтылған. Шипажай-курорттық емдеуді ұйымдастырудағы жеткен жетістіктері үшін берілген халықаралық марапаттарға ие болды.